Педагогтарға кеңес » КГУ "Специальный (коррекционный) ясли сад №123 для детей с нарушениями опорно-двигательного аппарата и зрения"
Коммунальное государственное учреждение
"Специальный детский сад №123 "
Управления образования города Алматы
Меңгеруші:
+7(727) 251-21-37
әдіскер:
+7(727) 251-27-27
Версия для
слабовидящих
02
февраль
2021

Педагогтарға кеңес

Педагогтарға кеңес

     Өзге тілді аудиторияда қазақ тілін халық тағылымы арқылы оқыту қазақстан, халықтық педагогика - көп арналы, қыр-сыры мол, күрделі ғылым. Ол – тәрбиенің бастауы және қайнар көзі, тәрбие жөніндегі халықтың білімі мен тәжірибесі.
    Халқымыздың, ата-бабамыздың ақыл- парасатының биіктігі, ойлау жүйесінің кемелдігі дүние жүзі халықтарының ешқайсысынан бірде-бір кем емес. Кей тұрғыда өзгелерден оқ бойы озық кетіп, тамсантып, таңырқантып жататыны тағы бар. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық тәлім-тәрбиенің белгілі жүйесінде жас буын жадына біртіндеп сіңіріп отыратын арнаулы жолдар, тиісті тәсілдер де болған. Мәселен, мақал-мәтелдерде адамгершілік, имандылық тәрбиесіне байланысты әдеп-ғұрыптар насихатталса, жұмбақтар мен айтыстарда – ақыл – ой тәрбиесі, өлең, жыр-дастандарда - әсемдік (эстетикалық) тәрбиесінің негізгі принциптері, ал ертегілер халықтық тәрбиенің сан алуан мәселелерін қозғайтын тәлімдік материал ретінде пайдаланылған. Демек, халықтық педагогика – тәлім-тәрбиелік ой – пікірдің ілкі бастауы, халықтың рухани мұрасы. Қазақ халқының тәлімдік мәні зор ой толғаныстары бесік жыры мен батырлық эпостарда, ертегілер мен аңыздарда, шешендік сөздер мен айтыс термелерде, мақал-мәтелдерде көптеп кездеседі.
     Мұндағы ұрпақ тәрбиесінің негізгі түйіні – адамгершілік-имандылық, ақыл-ой, еңбек, эстетика, дене, отбасы тәрбиесіне байланысты мәселелерге келіп тіреледі. Орыс тілді ортада қазақ тілін оқыту барысында халықтық педагогиканы дәріптеудің маңызы өте зор. Себебі, әр азамат өз Отанының саяси-әлеуметтік жағдайын жақсартып, өркениетті ел қатарына қосылу үшін де өз халқының тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін білуі қажет. Оның үстіне қай ұлттың өкілі болмасын, өзі өмір сүретін елдің әдеби, мәдени қазынасымен, тағылымымен таныс болғаны абзал. Қазақ халқының тәлімдік, танымдық рухани мұраларын адам бойына дарытуда қазақ тілі пәнінің мүмкіндіктері мол. Халық педагогикасының зерттеу негізінде халық ауыз әдебиетінің шығармалары, салт-дәстүрлер, ұлттық ойындар, отбасы тәрбиесінің тәжірибелері жатады.           Халқымыздың рухани дүниесі – асыл мұраларымыз салиқалы сөздерден, өнегелі өсиеттерден, ақиқаты мол аңыз-әңгімелерден, даналық нақылдардан, ақын-жыраулардың жыр жолдарынан байып отырған.
     Қазақ халқының салт-дәстүрі сарқылмайтын кенмен тең. Салт-дәстүр дегеніміз – халықтың рухани өзегі, тілінің тірегі. Одан біз халқымыздың өткенін білеміз, сол арқылы бүгінгі заманымыздың ұлылығын танимыз. Кешегіміз – тарихымыз, өткен жол – күрес жолы, даму жолы, адасу, сүріну, сабақ алу, өмірге дұрыс бағыт таңдау жолы. Өткеніміз – жинақталған халық даналығы, жақсы мен жаманды салыстыру арқылы іріктелген жинақтық.

     Халық даналығының бесігі – сөз. Бала бақшасы мен мектебі, театры болмаған қоғамда сөз – ұрпақты тәрбиелейтін ең пәрменді құрал болып келгені белгілі. Қазақ халқының доміші тәрбиесіне таңданған      В.И.Даль 1832 жылғы 5 қарашада күнделігіне әділеттілік іздеп шаршаған, бірақ қайрат- жігерін жоғалтпаған сұңғақ бойлы, әдемі келген қыз Мәуленді даладан көріп: «Мидай дала… ешбір мектеп жоқ, кітап жоқ, айнала қараңғылық… бірақ Мәулен өте ғажайып тәрбиеленген» - деп, жазып қойған. Қазақ халқының тәлімдік мәні зор ой-толғаныстары бесік жыры мен батырлық эпостарда, ертегілер мен аңыздарда, шешендік сөздер мен айтыс-термелерде, мақал-мәтелдерде көптеп кездеседі. Мұндағы ұрпақ тәрбиесінің негізгі түйіні - адамгершілік, имандылық, еңбек, дене, эстетикалық, сондай-ақ экономикалық, экологиялық және кәсіби, діни тәрбиелерді халық өзінің күнделікті өмір тіршілігі арқылы беріп отырған.
      Қазақ тілі сабағында тиісті өтілетін теориялық білімді меңгертіп қана қоймай, әр сабақта студент бойына еңбек сүйгіштік, адалдық, борыш, ар-ұят, адамдарға сабырлы қарым-қатынас, кішіге ізет, үлкенге құрмет сияқты адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруда ұлттық өнеге көмекке келеді. Кейбір сабақтарымның барысында дәріс алушыларды халқымыздың сан алуан жұмбақ, мақал- мәтелдерін қолдану арқылы бірлік, сыйластық, ынтымақтастық жөніндегі даналық сөздермен таныстырып, домтапсырмасы ретінде: «Ырыс алды - ынтымақ», «Ел бірлігі – ел теңдігі», т.б. мақалдардың мазмұнын өз бетімен аударып, айтып беруді тапсырамын. Сондай-ақ, «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «Қызға қырық үйден тыю», т.б. мақалдардың мәнін ашып және қосымша әдебиеттерден осы мағыналас мақал-мәтелдерді тауып, түсіндір деген тапсырмалар беру арқылы халықтың жастарды аймақ, әулет болып тәрбиелеуі халықтық педагогикада ерекше орын алатынына көз жеткіземіз.
      Қазақ халқы ұрпақ тәрбиелегенде ұлы мен қызының тәрбиесін екі бөліп жүргізуге тырысқан. Ұл тәрбиесі - әкеге, қыз тәрбиесі – шешеге байланысты деп шешкен. Қыз бала анасына тартады деген қорытынды жасап, ақылды әжелері, инабатты аналары бар ауылдың бойжеткенін көрмей-ақ құда түсу салтқа айналған. «Анасын көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» деген мақал бекерге айтылмаса керек. «Дене мүшелері» мәтінін қолданғанда, голова – бас, грудинка – төс, т.б. сөздерге баса назар аударып, қазақтың ұлттық тағамдарына сәйкес «бас» сыйлы қонаққа әдейі арнап тартылатынын, «басты кесу» тәртібі бар екенін айтып, «бас табаққа» түсінік беріп насихаттаймыз. Сондай-ақ, «төс» кімге берілетіні жайлы түсінік беріледі. Мұндай екі тілдегі түсініктемелер студенттердің қызығушылықтарын арттырып, таным деңгейлерін арттыратыны белгілі. «Сын есім» тақырыбын өткенде, «Киіз үй» мәтінін қолдану арқылы киіз үйдің неден жасалатынын, оның ішінде қандай жасаулар болатынын білеміз. Киіз дом– юрта Торсық – посуда из козлиной шкуры для кумыса Ас-су бұрышы – угол для продуктов Кебеже – деревянный сундук Саба – бурдюк для кумыса Ошақ – очаг, триного для чайника деген жаңа сөздерді қолдана отырып, қазақ халқының тұрмыстық салт-дәстүрімен жете таныстырамыз.
    Ал, «Отбасы» мәтінін оқығанда, қазақтың туыстық қатынастары жөнінде хабардар ете отырып, отбасының кімдерден тұратынын, олардың өзара қарым-қатынастары туралы айтуға болады. Әсіресе, келіндердің «Ат қою» салты қайын жұртын ерекше сыйлайтынын көрсетсе, отбасы мүшелерінің бір- біріне қамқорлығы мен үлкенді сыйлауы, қыз баланы қонақ деп есептеп, оған үлкен құрмет көрсетуі халқымыздың асқан данышпандығының белгісіндей көрінеді.
  Орыс тілді дәрісханада қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жайында сөз еткенде, оларға бұрын таныс болмағандықтан, дәстүрдің түрлерін топ-топқа бөліп түсіндіру керек. Мысалы, қазақтың салт- дәстүрлері деп алып, адам өміріндегі үш кезеңге (өмірге келу, үйлену, дүниеден озу) байланысты ғұрыптарды бір бөлек, ұлттық ойындарды бір бөлек, бата сөздерді бөліп алып оқытудың тиімді жақтары бар. Бұлар бір күннің немесе бір жылдың ғана нәтижесі емес, талай ғасыр жемісі.

    Қазақтың әдет-ғұрып, салты көбіне ән, өлең, жыр арқылы бейнеленеді. Соның ішінде қыз ұзату, келін түсіру тойларының алатын орны ерекше. Мұнда әсіресе, «келін түсіру» рәсімі жөнінде берілетін түсініктеме дәріс алушыларды қатты қызықтырғаны байқалды. Келін түсірудегі «беташар» жырынан мына жолдар оқылып, олардың салт-дәстүрлермен танысу құштарлығын арттыру әдістері қаралады: Ал, ақсақал, ағалар, Әжей, жеңгей, аналар, Құрбы-құрдас, балалар, Жас келінді көріңдер, Көрімдігін беріңдер. Жақсы тілек, ақ бата Арнаңыздар келінге... Келін – невеста, көрімдік – подарок при показе невесты, бата –
благословление, т.б. сөздердің мәні түсіндіріліп беріледі. Соңынан бұл шумақты жаттап айтып беру тапсырылады. Қазақ халқының ғасырлар бойы жинақтаған дәстүрлерінің ішінде адамгершіліктің жоғары сапаларын тәрбиелеуге ықпал жасаған озық өнегелері бар.
     Халық дәстүрлерінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқаны оның өміршеңдігінде, тәлім-тәрбиесінің кең таратылғанында. Сондықтан сан ғасырлар бойы халықтың өзімен бірге жасап, кейінгі толқынға мұра болып өмір сынынан екшеленіп өткен, бүгінгі өмірімізге жеткен әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерімізді білу, оны үйрету - әр ұстаздың, тәрбиешінің абыройлы міндеті. Аталған салт-дәстүрлер жайында өлең-жырларды, ұлағатты сөздерді, мақал-мәтелдерді тапқызып, оларды таныту арқылы дәстүрімізді қастерлеп, құрметтеуге үйретеміз.         Студенттерді білім дәрежесіне қарай топқа бөліп, қабілетіне қарай тапсырма берген жөн. Тақырыптарға байланысты берілген материалдарды ыңғайына қарап, рөлге бөліп оқыту, диалог, айтыс түрінде орындатуға болады. Қазақ тілі пәніне халықтық педагогиканы тек мәтіндермен жұмыс үстінде ғана емес, жаңа грамматикалық ережелерді өткенде де жанастыруға болады. Мәселен, етістіктің болымсыз түрлерін оқытуда халықтық тыйым сөздерді пайдаланған өте тиімді. «Бір қолмен нан үзбе», «Нан үгіндісін тастама», «Жер таянып отырып, ас ішпе, тік отырып тамақтану керек. Басқаша жағдайда ас ішу күпірлік, тәкаппарлық та – жаман қасиет» деген тыйым сөздерінің мағынасын түсіндірсе, болымсыз етістік түрлерінің де, халықтық қағидаларының да олардың жадында ұзақ сақталып, жастардың жаман әдет, қылық, қасиеттерден аулақ болары сөзсіз.
      «Етістіктің шақтары мен райларын» меңгерту жолында халқымыздың өнегелік асыл мұраларын ұрпақтар үшін баға жетпес тәрбие әдісі ретінде пайдаланып жүрміз. Мысалы, баталарды және шешендік сөздерді қалау райды өткенде түсіндірсек, ырым-тыйым сөздердің мәнін бұйрық райды өткенде ұғындырамыз. Атадан ұл туса игі, Ата жолын қуса игі. Өзіне келер ұятын, Өзі біліп тұрса игі. Төле бидің мына өсиетіндегі етістіктің қалау райда тұрғанын тапқызып, олардың жасалуына, сондай-ақ өсиеттің мәнін ашуға көңіл бөлінеді. Өркенің өссін десең, Кекшіл болма. Кесапаты тиер еліңе.
     Елім өссін десең, Өршіл болма, Өскеніңді өшіресің. Қазыбек бидің өсиетін оқыту арқылы етістіктің шартты райын түсіндірумен қатар, кекшілдік, өршілдік сияқты адамның, елдің өсуіне кесірі тиетін қылықтардан аулақ болуды үйретеміз. Кесапаты тиер, өшірерсің деген етістіктер болжалды келер шақта тұрса, өсудің шарты – кекшіл болмау, елді өсірудің шарты - өршіл болмау екенін білдіріп тұрған –са, -се жұрнағы. Осы сияқты жұмыстар етістіктің рай түрлерін қорытындылау кезінде жүргізіледі. Сонымен қатар, қазақтың меймандостығы жайында дәріс алушыларға әсер ететіндей бір әңгіме немесе шешендік сөздерден үзінді айтылуы қажет-ақ. Мәселен, қазақтар үйіне келген қонақты таныса да, танымаса да жылы шыраймен құшақ жая қарсы алып, сыйлап күтеді. Өзінің ең дәмді тағамын қонақасыға береді, қонақтың ат-көлігіне дейін күтіп, аттанарда аман-есен иесіне табыс етеді. Бұл үшін ешқандай ақы алмайды, алуды намыс деп біледі. «Егер қоналқы жердің бәрінде қазақ болса, бір уыс азық, бір тиын қаражат алмай жылдық жолға жолаушы жүруге болар еді» деген сөз осыдан шыққан. Әрі қарай балалардың қонақтың қолына су құю әдебін көрсетіп (сурет арқылы), қариялардың «таудай бол» деп бата беру даналығының да үлкен мәні бар екеніне тоқталу қажет. Осы ұғындырылған жайларды аша түсу үшін үйге әрбір оқушы өз ұлтының қонақ күту тәртібінен қазақ тілінде шағын шығарма жазып келуі сияқты тапсырма негізінде салыстыру әдісін қолданып, басқа ұлттың да қонақ күтудегі өміршең дәстүрлерін үйренуге болады.

      Сөз орайында айта кететін жайт, сабақтың өту барысы, айтылатын әңгіме қай тілде жүргізілуі мұғалімнің біліктілігі мен аудиторияның тіл меңгеру деңгейіне байланысты болмақ. Дегенмен, қай тілде болмасын сабақ халықтық педагогикамен ұштасып жатса – игілікті іс.
     Қорыта айтқанда, орыс аудиториясындағы қазақ тілі сабағын халықтық педагогика қағидаларымен қабыстыруды: - мәтіннің мазмұнын ашу; - сөйлемді талдау; - атаулардың мәнін түсіндіру; - сөздік жаттау; - мысалдар келтіру; - шығарма жазу; - фоно, фото, көркем,т.б. көрнекіліктер қолдану; - басқа ұлттың тәрбиелік, танымдық мұрасымен салыстыру; - арнайы мәтін дайындау; - әңгіме, сұрақ-жауап, айтыс, сахналандыру, пікір жарыстыру сәттерін ұйымдастыру, т.б. әдіс- тәсілдер арқылы жүзеге асыруға болады. Олай болса, халықтық педагогиканы орыс аудиториясындағы қазақ тілі пәніне енгізуді жоспарлағанда, мынадай талаптарды ескерген жөн: - бағдарлама, оқулықтар бойынша берілген материалдардың бар мүмкіндіктерін пайдалану; - халықтық педагогиканың қай түрін қай тақырыпты өткенде тиімді болатынын ескеру; - басқа ұлттың да тәлім-тәрбиелік мәдени мұрасын салыстыра отырып қолдану;
    ХІ ғасырдағы түркі ғалымы М.Қашғари «Тәрбие басы - тіл» десе, заманымыздың белгілі ақыны О.Сүлейменов «Адам тағдырын тәрбие шешеді, тәрбие құралы – сөз» дейді. Жастарды тәрбиелеуде оның құдіретті күшін пайдаланудың зор маңызы бар. «Ана сүті бой өсіреді, ата тілі ой өсіреді» деген ұлағатты сөзінде үлкен сыр жатыр. Халықтың бай өнегелі мұрасын, соның негізінде оқыту мәселесін бір ғана мақала көлеміне сыйғызу мүмкін емес. Халық тағылымы шексіз дария іспеттес, сол дарияның тұнығынан өзге ұлт өкілдерін сусындатып, рухани қазынасын байытып сана-сезіміне нәр құйып жүрген тіл мамандарының еңбегі өлшеусіз. 
Прокомментировать
  • bowtiesmilelaughingblushsmileyrelaxedsmirk
    heart_eyeskissing_heartkissing_closed_eyesflushedrelievedsatisfiedgrin
    winkstuck_out_tongue_winking_eyestuck_out_tongue_closed_eyesgrinningkissingstuck_out_tonguesleeping
    worriedfrowninganguishedopen_mouthgrimacingconfusedhushed
    expressionlessunamusedsweat_smilesweatdisappointed_relievedwearypensive
    disappointedconfoundedfearfulcold_sweatperseverecrysob
    joyastonishedscreamtired_faceangryragetriumph
    sleepyyummasksunglassesdizzy_faceimpsmiling_imp
    neutral_faceno_mouthinnocent
Введите код с картинки:* Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив