Логопедтің кеңестері
Логопедтің кеңестері
Сәбиге бесік жырын айтыңыз, үлкейген соң, көп әңгімелесіңіз. Бұл баланың есту қабілетін, түйсігін дамытады. Бесік жырын айтқан кезде бала естіген дыбысына еліктеп, соны қайталайды. Бесік жырларының басты ерекшелігі – онда жуан-жіңішке, еріндік-езулік, ашық-қысаң, қатаң-ұяң-үнді дыбыстардың барлық түрі қамтылған. Тиісінше, әрбір дыбыс түрін есту арқылы бала анық сөйлеуге бейімделеді. Бұл баланың кейін кей дыбыс түрлерін дұрыс айта алмауының алдын алады. Сондай-ақ, баламен көп әңгімелесу арқылы да оны еркін сөйлеуге дағдыландыруға болады.
Баланың әрбір қимылын қадағалаңыз. Әрбір бала өз жасына сай жетіліп-дамуы қажет. Оның денесіндегі, қимылындағы әрбір өзгеріс оның дамуын тежеуі мүмкін. Сөйлеуде де солай. Кекештеніп сөйлесе, ойын жеткізуде қиналса, сөйлегенде ауыз қуысының мүшелерін қалыпты жағдайда қимылдатпай, өзгеше әрекет жасаса, мұның бәрі баланы дәрігерге апаруға себеп болуы мүмкін.
Баланы жастан асқанша ана омырауын емуден шектемеу қажет. Ана сүтін емген бала тез қуаттанады және ана омырауын сору кезінде баланың ауыз қуысындағы бұлшықеттер тез әрі жақсы дамиды. Ал бала емізіп отырып анасы бесік жырын айтса, тіпті пайдасы зор. Өйткені бұл уақытта бала мейірімге бөленіп, өзін қауіпсіз әрі жайлы сезініп, ақпаратты тез қабылдайды.
Баланы ұрып-соғудан мүлдем аулақ болу керек. Бұл психикалық ауытқуларға әкеледі. Ал психикалық ақауы бар балалардың әдетте тұйықталып, сөйлеу дағдысы бұзылатыны белгілі.
Балаларға сүйек немесе құрт мүжітуді әдетке айналдыру керек. Анасының омырауын ему кезінде әбден жаттыққан балалардың ауыз қуысындағы бұлшықеттері қалыпты тамақ жеу дағдысына көшкеннен кейін аздап әлсірейді. Ал бұлшықеттің жақсы жетілуі сөйлеуге тікелей әсер ететіндіктен, оны жаттықтырып тұру қажет. Бұл ретте сүйек мүжу не құрт жеу, тіске зиян келтірмейтін өзге де кепкен жеміс-жидектерді жеу, қатты тамақ өнімдерін шайнау өте пайдалы.