"Балалар тілінің кеш шығуының басты себептері" Логопедтің кеңесі
Балалар тілінің кеш шығуының басты себептері:
- Жүктілік кезінде ана көңіл-күйінің дұрыс болмауы, күйзелісте болуы;
- Тұқым қуалаушылық фактор;
- Таңдайда не ерінде жырықтардың болуы;
- Дыбыс шығару жүйесінің жұмыс істемеуі;
- Ауыз қуысы бұлшықеттерінің дұрыс жұмыс істемеуі;
- Баламен сөйлеспеу (ата-ананың баламен әңгімелеспеуінен, қарым-қатынастан оқшаулауынан баланың тұйықталуы);
- Қатты қорқып қалудан болған тұтығу;
- Өзге аурулардың, қолданған дәрі-дәрмектердің әсері.
Әлбетте, бала денсаулығына ана құрсағында жатқан кезден бастап көңіл бөлген абзал. Өйткені, бала ағзасында пайда болатын аурулардың басым бөлігі құрсақта жатқанда дамиды. Баланың сөйлеу қабілетінде болатын ақаулар да сол кезден бастауын алуы мүмкін. Логопедтер кей себептердің алдын алу мүмкін емес болғанымен, көп жағдайда бала тілінің уақытында шығуы тікелей ата-анаға байланысты екенін айтады. Ата-аналардың бала тілін қызық көріп, олардың қате дыбыстаған сөздерін қайталауы дұрыс емес. Керісінше, бала ата-анасының сөйлегеніне қарап, сөзін түзеуі үшін әке-шеше әр сөзді анық дыбыстап айтуы қажет.
Бала бес-алты айдан бастап өзге адамдардың қимылдарын қайталайтын қабілетке ие болса, оның ішінде артикуляциялық қимылдар да бар. Яғни, бала өзіне қарап сөйлеген адамның дыбыстау мүшелерінің қимылын да қайталайды деген сөз. Сол үшін баламен әңгімелескенде, оған қарата сөз айтқанда, әрбір қимыл-әрекетке мұқият болған абзал.